Еуропалық Одақ Қазақстандағы тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттыру үшін азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жаңа жобаны қолдады

Бүгін Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжінде «ENABLE – ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ ТИІМДІ ҚАЛА ҮШІН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ» жобасы басталды. Жоба Еуропалық Одақтан (ЕО) 400 000 еуро көлемінде грант алды. Іс-шара гибридті форматта өтті, қатысушылардың жалпы саны - шамамен 150 адам.

«Ірі тұрғын үй алаптарын тұрақты дамыту перспективалары - жоспарлау, энергетикалық жаңғырту және энергия тиімділігі» жобасын ашу жөніндегі конференцияда жобаның мақсаттары, міндеттері, күтілетін нәтижелері және 2024 жылға арналған жұмыс жоспары ұсынылды. Сондай-ақ азаматтық қоғамның тұрақты тұрғын үй шаруашылығын дамытуға және тұрғын үй қорын энергия үнемдейтін жаңғыртуға қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Конференциядан кейін Қазақстандағы тұрғын үй кешендерінің болашағы туралы пікірталасты ынталандыру мақсатында, Германиядан келген ірі тұрғын үй алаптарын дамыту перспективалары туралы көрме ашылды.

Йоханнес Баур, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігіндегі ынтымақтастық жөніндегі басшысы: «Энергия тиімділігі жөніндегі өршіл мақсаттар - жасыл энергетикалық ауысуды жандандырудың кілті. ЕО-дағы біздің мақсатымыз - 2030 жылға қарай соңғы қуат тұтынуды 11,7%-ға азайту. Энергияны тиімдірек пайдалану және осылайша тұтынуды азайту арқылы еуропалықтар электр және жылу төлемдерін азайта алады, қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі, климаттың өзгеруін азайтады, өмір сүру деңгейін жақсартады, ЕО-ның мұнай мен газдың сыртқы жеткізушілеріне тәуелділігін азайтады және ЕО экономикасының тұрақты өсуіне ықпал етеді. Қазақстанда халық ауылдық жерлерден қалаларға көптеп көшіп жатқандықтан, азаматтық қоғамның қатысуымен дұрыс саясат пен заңнаманы әзірлеу маңызды. Осы жоба арқылы біз ЕО елдерінің көппәтерлі үйлерді энергия тиімді жаңғырту бойынша озық тәжірибелерімен бөлісуге қуаныштымыз».

Данияр Қырықбаев, Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының Басшысы: «Біз неміс серіктестерімізді қарсы алуға қуаныштымыз және олардың тәжірибесін тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттыру үшін одан әрі ынтымақтастықта пайдалануға дайынбыз».

Ральф Протц, «Ірі тұрғын үй алаптары құзыреттілігінің орталығы» қауымдастығының сарапшысы, Берлин қ., Германия: «Жаппай құрылыс салу аудандары климатты қорғау және шағын құрылыс салудың арқасында энергия үнемдеу үшін қолайлы жағдай мен тиімді жаңғырту процесі есебінен қомақты үнемдеу мүмкіндігін ұсынады. Жаңғыртудың табысы - осы процеске мемлекет пен муниципалитеттердің, сондай-ақ көреген қолдау саясаты мен тұрақты даму тұжырымдамалары негізінде пәтер иелерінің қатысуына байланысты. Бұл тұрғын үй сапасының едәуір артуына, көптеген адамдардың өмір сүру жағдайының жақсаруына алып келеді».

 

Қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласы, ПИК қауымдастығы  Аркадий Рубцовқа хабарласыңыз. Тел.: +7 (777) 39 81 59, эл.пошта: arkadiy-rubcov@yandex.ru; немесе Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігіне, эл.пошта: delegation-kazakhstan-pic@eeas.europa.eu