Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы цифрлық өзара байланыстылық бойынша «Team Europe» бастамасын саяси деңгейде іске қосты
Орталық Азиядағы цифрлық өзара байланыстылық бойынша «Team Europe» бастамасы «Global Gateway» стратегиясы аясында ЕО пен Орталық Азия арасында жасасқан флагмандық жобалардың бірі болып табылады. Бұл бастаманың мақсаты – өткізу қабілеті жоғары интернет-желісін дамыту және спутниктік топтамаларға инвестицияларды қолдап, жерүсті инфрақұрылымын орнату арқылы Орталық Азиядағы желіге қосылу мүмкіндіктеріндегі алшақтық мәселесін шеше отырып, аймақта цифрлық өзара байланыстылық пен цифрлық экономиканы дамытуға жәрдемдесу. Ол цифрлық алшақтықты қысқартуға және жалпы экономика үшін, атап айтқанда, шалғай және оқшауланған қоғамдастықтар тұрғындары үшін жағымды қосалқы пайдасын тигізуге бағытталған.
ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич ханым: «Global Gateway» стратегиясы мен Орталық Азиядағы цифрлық өзара байланыстылық бойынша «Team Europe» бастамасы жаңа тарауды ашады. Бұл стратегия мен осы бастама аясында Еуропалық Одақ Орталық Азияның шалғай аудандары мен ауылдарын спутниктік байланыс арқылы интернет желісіне қосады. Бүгінгі іс-шара алдағы жылдарда тұрақты өзара байланыстылықты ілгерілетудегі және ЕО пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды кезеңді білдіреді. Бұл сондай-ақ біздің цифрлық алшақтықты қысқартуға, цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға және бүкіл Орталық Азия елдерінің халқы мен кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға деген ұмтылысымызды көрсетеді».
TEI аясында және «Global Gateway» стратегиясына сәйкес бірін-бірі толықтыратын екі іс-шара әзірленді:
-
«Soft Pillar»:
«Орталық Азияны байланысқа қосу» жобасы (C4CA). Жүзеге асырушы – ЕО ынтымақтастық жөніндегі агенттіктерінің консорциумы. Үйлестіруші – Францияның ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігі «Expertise France». Бұл жоба цифрлық технологиялар негізінде әлеуметтік-экономикалық интеграцияны қолдау мақсатында спутниктік байланысқа қауіпсіз әрі инклюзивті қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сол байланыстың Орталық Азия елдерінде, атап айтқанда әйелдер, жастар және басқа да оқшауланған топтар арасында пайдалануына жәрдемдесуге бағытталған.
-
«Hard Pillar»:
«Орталық Азияның шалғай аудандарының қоғамдастықтары үшін спутниктік өзара байланыстылық» жобасы. Үйлестіруші – Еуропалық инвестициялық банк. Жүзеге асырушы – «SES» компаниясы. Мақсаты – білім беру, денсаулық сақтау және экономикалық даму үшін неғұрлым маңызды болып келе жатқан цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана алуы үшін шалғай және байланыс қызметімен жеткілікті түрде қамтылмаған аудандар қоғамдастықтарына жоғары жылдамдықты Интернетті қолжетімді ететін инфрақұрылым ұсыну. SES спутниктік топтаманы құру және бүкіл аймақты байланыспен қамтамасыз ететін жерүсті инфрақұрылымын өрістету үшін қажетті инвестицияларды өз міндетіне алады.
Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге мырза: «Өзара байланыстылық қандай түрде болмасын - цифрлық, инфрақұрылымдық немесе экономикалық – қазіргі жаһандық сын-қатерлердің негізінде жатыр. Ол сауданы ынталандыру, адамдар қозғалысы мен идеялармен алмасуды жеңілдету, сондай-ақ аймақаралық интеграцияны нығайтудың маңызды тетігі болып табылады. Орталық Азиядағы серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк жүзеге асырып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды толықтыра отырып, Expertise France жетекшілік ететін консорциум бүкіл өңірде цифрлық қызметтер мен инновацияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қажетті саясаттарды әзірлеу, құзыреттер мен технологияларды дамытуға жәрдемдесетін болады» - деді.
Бұл іс-шара Орталық Азия елдерінің келер жылдарға арналған цифрлық стратегияларын дамытудағы маңызды кезеңді белгілейді. Барлық тараптар осы жобаға деген қызығушылығы мен ынтасын білдірді. «Team Europe» бастамасы – ЕО пен Орталық Азияның ынтымақтасуға бейілдігі аясындағы негізгі жетістік.
Анықтама:
Global Gateway - бұл цифрлық, энергетикалық және көлік секторларында «ақылды», экологиялық таза және қауіпсіз байланыстарды дамытуға, сондай-ақ бүкіл әлемде денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми зерттеулер жүйелерін нығайтуға бағытталған Еуропалық Одақтың стратегиясы. «Global Gateway» стратегиясы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібіне және оның орнықты даму саласындағы мақсаттарына, сондай-ақ Париж келісіміне толық сәйкес келеді. Стратегия 300 млрд. еуроға дейінгі инвестицияларды жұмылдыруға бағытталған.