ЕО пен Қазақстан негізгі келісімдерге қол жеткізе отырып, «Global Gateway» стратегиясын ілгерілетуде

Халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық Комиссар Йозеф Сикеланың іс-сапары барысында Еуропалық Одақ пен Қазақстан тұрақты экономикалық өсу мен аймақтық өзара байланыстылықты қолдауға бағытталған негізгі келісімдерге қол қоя отырып, «Global Gateway» стратегиясы аясында ынтымақтастықты тереңдету бағытында маңызды қадам жасады.

Комиссар Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасында аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 3 миллион еуроны құрайтын келісім-шартқа қол қою рәсіміне қатысты. Еуропалық қайта құру және даму банкі жүзеге асыратын бұл келісім ортақ жобаларды анықтап, аса маңызды шикізат саласында тұрақты және жауапты жеткізу тізбектерін құру бойынша халықаралық озық тәжірибелерді ілгерілетуге септігін тигізетін болады.

Қазақстанға іс-сапары барысында Халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық Комиссар Йозеф Сикела: «Еуропалық Одақ пен Қазақстан – төл серіктестер. Еуропаға өз экономикасын жаңғырту үшін аса маңызды шикізаттың сенімді көзі қажет. Біз сол аса маңызды шикізатты өндіру мен игеру бойынша Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Мұндай серіктестік Орталық Азияның барлық елдерін, соның ішінде Қазақстан экономикасының өсуін, оның өндірістік әлеуетін нығайту, қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ұсыну, инновацияларды ынталандырып, жоғары сапалы жұмыс орындарын құруды қолдауға бағытталған» - деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Комиссар Сикела мен Қазақстан Үкіметі Еуропалық инвестициялық банкі мен Қазақстанның Даму Банкі арасында 200 миллион еуро сомасындағы негіздемелік несие келісіміне қол қойылуының куәгерлері болды. Аталған несие бойынша ЕО 18 миллион еуро көлемінде кепілдік беретін болады. Бұл қаржыландыру «Global Gateway» стратегиясының Транскаспий көлік дәлізіне қатысты флагмандық бағдарламаларының және «Team Europe» бастамасының су ресурстары, энергетика және климат өзгеруі бойынша бағдарламаларының мақсаттарына сәйкес тұрақты көлік қатынасы мен жаңартылатын энергияға инвестицияларды тартуды қолдауға көмектеседі.

Комиссар Сикела «Еуропалық Одақ орнықты инвестицияларды тарту арқылы Қазақстанмен экономикалық серіктестігін тереңдетуге бейіл. Бұл қаржылық келісім өзара байланыстылықтың жедел дамуына, жаңартылатын энергия көздерінің инфрақұрылымын кеңейтуге және Қазақстанның «Global Gateway» стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын Транскаспий көлік дәлізіне одан әрі интеграциялануына ықпал етеді» - деп атап өтті.

ЕО-тың «Global Gateway» стратегиясы 2027 жылға қарай бүкіл әлем бойынша 300 миллиард еуро көлемінде мемлекеттік және жеке инвестицияларды тартуға, орнықты өсуді қолдауға, цифрлық, энергетикалық және көліктік өзара байланыстылықты нығайтуға, білім беру мен зерттеу жүйелерін дамытуға бағытталған.