European Union External Action

ЕО Жоғарғы Өкілі/Вице-президент Федерика Могерини мен Комиссар Невен Мимица Орталық Азияға ресми сапармен келеді

Bruxelles, 08/11/2017 - 11:52, UNIQUE ID: 171108_6
Press releases

ЕО Жоғарғы Өкілі/Вице-президент Федерика Могерини мен Комиссар Невен Мимица Орталық Азияға ресми сапармен келеді

Жұма, 10 қараша күні, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілі/Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Федерика Могерини және ЕО Халықаралық ынтымақтастық пен даму жөніндегі Комиссары Невен Мимица 13-ші Еуропалық Одақ-Орталық Азия министрлер деңгейіндегі басқосу үшін Самарқан қаласына, Өзбекстан, сапармен келеді.

Сапар алдында Жоғарғы Өкіл/Вице-президент Федерика Могерини: "Орталық Азия Еуропалық Одақ үшін стратегиялық маңызға ие. Қауіпсіздік мәселелерінен бастап, радикализация мен экстремизмге қарсы күрес,  сауда ынтымақтастығын кеңейту мен азаматтық қоғамды қолдауды қамтитын салаларда ЕО мен Орталық Азия елдері сенімді әріптестер болып табылады. Біздің жыл сайынғы басқосуымыз өткен жылдарда жеткен жетістіктерге шолу жасап, біздің елдер үшін аймақтарымыздағы даму, қауіпсіздік пен тұрақтылықты көздейтін  жаңа күн тәртібін жоспарлауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті.

"Еуропалық Одақ – Орталық Азия мемлекеттерінің өзекті әріптесі, әрі біз аталған аймақтағы рөлімізді нығайтуға ниеттіміз. Аймаққа 2020 жылға дейін 1,2 миллиард еуро  шамасында қаражат бөлініп, біз аймақтың тұрақты дамуына ат салысудамыз. Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге жұмыс орындарын құру, жекеменшік секторды дамыту, инвестицияларды жетілдіру, тиімді басқару, су ресурстары мен шекараны басқаруға көмек, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру мақсатын көздейтін бастамалар мен реформаларға қолдау көрсетудеміз", - Комиссар Мимика атап өтті.

"Еуропалық Одақ - Орталық Азия" министрлер деңгейіндегі басқосу қауіпсіздік, экономика, саясат мәселелерімен қатар, Еуропалық Одақтың аймақтағы рөліне көңіл бөледі. Жоғарғы Өкіл/Вице-президент Могерини Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен бірлесе Астана уақыты бойынша сағат 17:00-де баспасөз өкілдерімен кездесу өткізеді.

Сонымен қатар Самарқан қаласына сапар барасында Жоғарғы Өкіл/Вице-президент Могерини "Орталық Азия: ортақ тарих және ортақ болашақ, тұрақты даму мен өзара өркендеу үшін ынтымақтастық" атты конференцияда сөз жолдайды және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Орталық Азия мемлекеттері сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер  өткізеді.

Бір күн бұрын, бейсенбі, 9 қарашада Жоғарғы Өкіл/Вице-президент Могерини Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, 15 қазанда жаңа сайланған Президент Сооронбай Жеенбеков және Премьер-министр Сапар Исаковпен екіжақты кездесулер өткізу үшін Бішкекке сапармен келеді. Сапар Еуропалық Одақ Кеңесінің ЕО мен Қырғызстан арасындағы жаңа, ауқымды және жан-жақты екіжақты келісім туралы келіссөздерді бастау шешімінен бір ай өткеннен кейін өтуде. Сапар EbS желісі арқылы жарияланады.

Еуроодақтың Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Орталық Азия аймағымен ынтымақтастығы бойынша ақпараттық анықтама қолжетімді.