European Union External Action

Ақпараттық анықтама: ЕО-Орталық Азия ынтымақтастығы

Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен өзара әрекеттестігі 1990-шы жылдардың басынан бастап едәуір кеңейді. Екі аймақ бейбіт жолмен тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізу ортақ мақсатын көздейді.

Жаңа сын-тегеуріндер, жаңа мүмкіндіктер, жаңа амалдар

2007 жылы алғаш рет қабылданған ЕО-ның Орталық Азияға қатысты стратегиясы Еуропалық Одақтың Орталық Азия серіктестерімен аймақтық және екіжақты ынтымақтастыққа ұзақ мерзімді бейілділігін белгілейді. Стратегияның негізгі мақсаты - аймақтың тұтастай және жеке мемлекеттердегі тұрақтылығын арттыру. Стратегия министрлік деңгейінде тұрақты саяси диалогты нығайтуға және заң ұлықтылығы, білім, қоршаған орта және су ресурстары сияқты басты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына, соның ішінде шекараны басқаруға және есірткінің заңсыз айналымына байланысты жалпы қауіп-қатерлерге ерекше көңіл бөлінеді.

Бірінші Стратегияны қабылдағанына 10 жыл өткеннен кейін Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері (2017 жылдың маусым айында) Еуропалық Одақтың Әлемдік стратегиясы мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, әріптестік қарым-қатынастарға негізделген және аймақтың бейбіт, гүлденген, орнықты және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ұзақ мерзімді және берік қарым-қатынастарды дамытуға бейілділігін растады.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңартылған стратегиясы 2019 жылы қабылданады және ол  2020-2027 жж. аймақты дамытуға арналған көпжылдық қолдау бюджетінің қабылдануымен үндестіріледі. Стратегия өз мақсаттарын жүзеге асыруда неғұрлым икемді болады, сондай-ақ мақсат пен нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.

Еуропалық Одақ –  тұрақты даму саласындағы серіктес

Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы даму басымдылықтары, Тұрақты даму мақсаттарына бірлескен бейілділіктерге сәйкес, жасөспірімдердің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға және экономикалық әртараптандыруы жеткіліксіз өңірде экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Еуропалық Комиссияның ұсынған көмегімен қатар, ЕО-ға мүше мемлекеттердің жеке көмегі Еуропалық Одақты өңірдегі алдыңғы қатарлы донорға айналдырады. Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған әлемдік көмек пакеті (Даму мақсатындағы ынтымақтастық құралы) 2014-2020 жылдар кезеңіне 1 миллиард еуроға дейін ұлғайды, бұл өткен қаржы кезеңімен салыстырғанда 750 миллион еуроға артық. Әр елдің ерекшеліктеріне, яғни даму деңгейі мен  қажеттіліктерді бағалауына сәйкес даму бағдарламаларды бейімдеу мақсатында Еуропалық Одақ көмек көрсетуде сараланған амалды қолданады, ол – ең кедей және осал елдерді ерекше назарға алу.

Аймақтық бағдарламалар Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың ауқымды үрдісін қолдауға бағытталған. Аймақтық ынтымақтастықтың энергетика, қоршаған орта, су ресурстары және әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызы зор. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану аймақтың дамуы мен саяси тұрақтылығының маңызды факторы болып табылады. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан жастардың қажеттіліктерін жұмыспен қамтамасыз ету және білім беру мен зерттеу мүмкіндіктерін жақсарту арқылы қанағаттандыру маңызды.

Сонымен қатар, аймақтық диалог пен іс-шаралар Орталық Азия елдерінің құқықтық қабілеттілігін  демеп, олардың құқықтық және сот жүйелері реформаларына септігін тигізеді. Аймақтық ынтымақтастық трансшекаралық қызметті жетілдіру, мобильдікті арттыру және есірткі айналымына қарсы күресті күшейту мақсатында интеграцияланған шекаралық бақылау арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. ЕО-ның есірткіге қарсы іс-қимыл жоспары есірткі мәселелері бойынша негізгі құжат болып табылады. Шекаралық басқару  (BOMCA) және есірткіге қарсы күреске (CADAP) арналған маңызды бағдарламаларға жаңа серпін берілді.

ЕО-ның басқа сыртқы саяси құралдары ЕО-ның аймаққа арналған көмегін қажетті жағдайда толықтырады. Даму мақсатындағы ынтымақтастық құралы шеңберінде  «Әлемдік әлеуметтік игілік пен сын-тегеуріндер», «Азаматтық қоғам және жергілікті өзін-өзі басқару», «Демократия және адам құқықтарын қолдау еуропалық құралы», Ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық құралы,  мемлекеттік емес сектор мен жергілікті өзін-өзі басқару атты тақырыптық бағдарламалар маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, дағдарыстар мен саяси тұрақсыздыққа төтеп беруге бағытталған Тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге көмектесу құралы шеңберінде кейбір шараларға, соның ішінде жанжалдарды алдын алу және дағдарыстарды реттеу саласында қолдау көрсетіледі. Олар жаһандық және аймақаралық қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін ұзақ мерзімді алдын-алу шараларын қамтуы мүмкін.

Languages: