Еуропалық Одақтың Шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілінің және Еуропа Кеңесінің Бас хатшысының Еуропалық және Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күніне орай бірлескен мәлімдемесі, 10 қазан 2017 жыл.
Еуропалық және Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күні Еуропа Кеңесі және Еуропалық Одақ кез-келген жайтта және барлық жағдайда ең жоғары жазаның қолданылуын үзілді-кесілді және мүлдем қолдамайтынын қайта мәлімдейді. Өлім жазасы адами қадір-қасиет ұғымымен мүлдем үйлеспейді. Өлім жазасы адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын, дәлелденген тежеуші әсері жоқ және сот қателіктерін түзетілмейтін және ажалды ететін қарым-қатынас түрі болып табылады.
Өлім жазасын алып тастау – Еуропаның айрықша жетістігі, себебі, Еуропалық Одаққа және Еуропа Кеңесіне мүше барлық мемлекеттер осы жазалау шарасынан әлдқашан бас тартты. Заңнамалық деңгейде немесе іс жүзінде өлім жазасын алып тастау– Еуропа Кеңесіне мүше атанудың міндетті шарты. Қандай да болмасын жағдайда өлім жазасын қолдануға түгелдей тыйым салу Еуропалық Одақтың Негізгі құқықтар хартиясында жазылған. Кез-келген мүше мемлекеттің өлім жазасын қайта қолдануы қос Ұйымның негізінде жатқан құндылықтарға және міндеттемелерге қайшы келетін болады. Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесі барлық еуропалық мемлекеттерді өлім жазасына тыйым салатын Еуропалық адам құқықтары жөніндегі конвенция хаттамаларын ратификациялауға үндейді. Олар әлі күнге дейін өлім жазасын қолданатын Еуропадағы жалғыз мемлекет Беларусь Республикасын жалпыеуропалық құқықтық стандарттарға жақындататын шешуші қадам ретінде өлім жазасына мораторий енгізуге шақырады.
Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесі әлі күнге дейін өлім жазасын қолданатын барлық елдерге өлім жазасын алып тастауға жасайтын алғашқы қадам ретінде өлім жазасы кесілген үкімдерді орындауға еш кідіріссіз мораторий енгізуге және қалған өлім жазасы кесілген үкімдерді түрмеге қамауға ауыстыруға табанды үндеумен тағы бір рет жүгінеді. Қандай болмасын жағдайда барлық осы мемлекеттер басқа да талаптарға қоса, халықаралық құқыққа бағына отырып, кәмелетке толмағандарға, психикалық сырқаттарға шалдыққан тұлғаларға, ақыл-парасаты дамуында бұзылыстары бар тұлғаларға және аса ауыр қылмыс жасамаған тұлғаларға (атап айтқанда, экономикалық қылмыстар немесе заңсыз есірткі айналымымен байланысты қылмыстар жасаған тұлғаларға) қатысты өлім жазасы кесілген үкімдерді орындаудан бас тартуы тиіс. Оған қоса, егер тиісті ақпарат үкім кесілгендердің ең жақын туыстарына және қорғаушыларына берілмесе, өлім жазасы орындалмауы тиіс.
Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесі ең жоғары жазалау шарасын алып тастауға бағытталған әлемдік қозғалысты қолдайды, аталмыш қозғалыс нәтижесінде барлық мемлекеттердің үштен екісінен астамы өлім жазасын заңнама немесе іс жүзінде алып тастады. Осы жаһандық серпілісті әлі күнге дейін өлім жазасын қолданып келе жатқан мемлекеттерді қозғалысқа қатыстыру үшін пайдалану керек. Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесі өлім жазасын алып тастауға бағытталған әлемдік қозғалысты қолдау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығын жалғастырады. Олар өлім жазасын тағайындағанда және қолданғанда көрсетілетін азаптаулармен және басқа да адам құқықтарын өрескел бұзумен күресу үшін қолда бар барлық құралдарын пайдаланатын болады.