Delegation of the European Union to Montenegro

Еуропалық Одақ Қазақстанда 5-ші Еуропалық кинофестивальді ашады

10/11/2020 - 06:46
News stories

НҰР-СҰЛТАН - 9 қараша жұлдызында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі ұйымдастырған бесінші Еуропалық онлайн-кинофестивалінің ашылуы өтті. Фестиваль 9 қарашадан бастап 29 қарашаға дейін өтеді, және оның барысында көрермендер ЕО елдерінің 18 фильмін көре алады.

Фильмдерден басқа эксклюзивті пікірталастар, шеберлік сыныптар және еуропалық және қазақстандық режиссерлармен кездесулер өтеді. Фестивальдің мақсаты - қазақстандық көрермендерді еуропалық киномен таныстыру, кинематографиялық өнерге қоғамның қызығушылығын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Ашылу салтанатына Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон, Италия Елшілігінің мәдениет және коммерция cұрақтары бойынша атташесі Эмилио Сесса, және фестивальдің арнайы қонақтары - Карло Д'Урси (Италия) және Рейн Ранну (Эстония) режиссерлары, қазақстандық режиссер, Еуропа киноакадемиясының мүшесі Әділхан Ержанов және кинотанушы, киносыншы Гульнара Абикеева қатысты. Панельдік талқылау барысында қатысушылар негізгі тенденциялар мен заманауи қазақстандық және еуропалық кинематографтың байланыс нүктелерін талқылады.

Кинофестивальдегі фильмдердің көпшілігі беделді халықаралық кинофестивальдердің жеңімпаздары болып табылады: Канн кинофестивалінің «Сын апталығының» Гран-при иегері - “Диамантино”, Венеция кинофестивалі сыйлықтарының лауреаттары - “Тель-Авив отта” және “Әулие Георгий”, және үздік режиссура және үздік актер санатындағы неміс киносыншылары қауымдастығы сыйлығының лауреаты - “Вестерн”, Флоренция кинофестивалінің жеңімпазы - “Sawah”,  деректі фильмдердің Амстердам және Мадрид халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы - «Бейтаныс жәннатта», Киев кинофестивалінің "Молодость" жасөспірімдерге арналған фильм бағдарламасының бас жүлдесінің иегері - “Тым алыс”, сондай-ақ басқа кинофестивальдердің көптеген лауреаттары.

«Биыл біз алғаш рет Еуропалық кинофестивальді онлайн форматта өткізіп жатырмыз, бұл еуропалық киноны қазақстандық көрерменге одан да жақын және қол жетімді етуге мүмкіндік береді. Фестиваль бағдарламасы түрлі жанрларды қамтиды: драма мен комедиядан бастап анимациялық және деректі фильмдерге дейін. Еуропалық кино ешкімді бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін, өйткені ол қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерін көрсетеді, адамдардың терең сезімдеріне, олардың алаңдаушылықтарына әсер етеді. Бұл біздің бәріміз туралы кино. Сондай-ақ қазақстандық кинематографтың қарқынды дамып келе жатқандығы және еуропалық кинофестивальдерде беделді марапаттарға ие болып жатқандығы мені қуантады, бұл бізге тәжірибе алмасуға және еуропалық көрермендерге қазақстандықтардың өмір-оқиғаларын көрсетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон.  

Фестиваль бағдарламасын 70-ші Канн кинофестивалінде әлем премьерасы болған итальяндық режиссер Йонас Карпиньяноның «Чамбра» фильмі ашады. Каннда бұл кинотаспа үздік Еуропа фильмі үшін «Europa Labels» жұлдесіне ие болды және кейінірек итальяндық ұлттық «Дэвид ди Донателло» киносыйлығының екі сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, фильм 90-шы «Оскар» салтанатында «Үздік шетел тіліндегі фильм» номинациясы бойынша Италиядан таңдалды. Чамбра - Италияның оңтүстігіндегі Калабрияда тұратын сығандар қауымынан шыққан жасөспірімнің қалыптасуы мен жетілу тарихы. Фильмді режиссер Йонас Карпиньяномен талқылау онлайн режимінде 12 қарашада алдын-ала тіркелу арқылы өтеді.

18 қарашада Карло Д'Урсидің қазақстандық кинематографистеріне, студенттеріне және басқа тілек білдірушілерге арналған шеберхана сыныбы өтеді. Карло Д'Урси - режиссер, продюсер, актер, киноиндустрияда он жылдық тәжірибесі бар және ол 400 түрлі киносыйлықтардың иегері болып табылатын және әр түрлі елдермен бірге фильмдер түсіріп, оларды Канн, Венеция, Малага, Монреаль және т.б. кинофестивальдерде насихаттайтын Potenza Producciones продюсерлік компаниясын басқарады.

28 қарашада фестивальді эстониялық кинорежиссер Рейн Раннудың «Жалғыз мүйізді қуу» көркем фильмі жабады. Фильм эстониялық эко-стартаптардың шынайы оқиғаларына негізделген және Эстониядан Кремний алқабына дейінгі ерлер басым болатын технологиялар әлемін бағындыруға тырысқан әзірлеуші-әйел туралы баяндайды.  Іс-шара Нұр-Сұлтандағы Эстония Елшілігінің қолдауымен өтеді.

18 шығарма танымал еуропалық Cineuropa кино порталымен бірігіп, Эстонияның Нұр-Сұлтандағы Елшілігінің, Гете институтының және Француз институтының қолдауымен іріктелді. Фестивальдің медиа секріктесі – “Давай Сходим” медиа порталы. Фильмдердің көпшілігі бірнеше еуропалық елдердің бірігіп түсіруі арқылы жарыққа шықты, бұл Еуропалық Одақтың жетекші қағидаты - «Бірлік - саналауандылықта» маңыздылығын қайта растайды.

Еуропалық фильмдерді онлайн қалай қарауға болады?

Фильмдер түпнұсқа тілінде орыс және ағылшын тіліндегі субтитрмен көрсетіледі. Фильмдерді тегін қарау тек Қазақстан аумағында www.festivalscope.com веб-сайтында 2020 жылдың 9 - 29 қараша аралығында тіркелгеннен кейін қолжетімді.

Әр фильм 400 көруді қарастырады, бірақ егер бұл межеден асып кетсе, ЕО Өкілдігінің көрермендерге сұраныс бойынша қосымша тегін билеттер сатып алуға мүмкіндігі бар. Сұранысты  delegation-kazakhstan-ppi@eeas.europa.eu поштасына немесе Өкілдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларына хабарлама жазу арқылы жіберуге болады.

Фестиваль аясында апта сайын өзіңізге ұнайтын фильм туралы үздік пікірге арналған байқау өтеді. Жеңімпаздарға кинофестивальдің логотипі бар фирмалық сыйлықтар беріледі.  

Кинофестивальдің барлық іс-шаралары мен байқаулары туралы хабарландырулар Еуропалық Одақтың Қазақстандағы әлеуметтік парақшаларында -  Facebook және Instagram жарияланады.

Қосымша ақпарат бойынша:
Амриева Еркежан, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі, e-mail: yerkezhan.amriyeva@eeas.europa.eu