Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Елші Петер Буриан Қазақстанға сапарын аяқтады

12/06/2021 - 05:55
News stories

Бүгін, 2021 жылдың 12 маусымы күні Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Елші Петер Бурианның Қазақстанға сапары аяқталды. Елші П. Буриан Қазақстанға а.ж. 7 маусымында жұмыс сапарымен келді.

П.Бурианның сапарындағы маңызды кездесулердің бірі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен жүздесуі болды. Кездесу барысында тараптар стратегиялық серіктестік, Қазақстандағы ЕО бағдарламаларының іске асуы, ОА өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік, елдегі құқықтық және экономикалық даму бойынша түрлі салаларда жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты сұрақтарды кеңінен талқылады.

Елші Петер Буриан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Еуроодақтың Қазақстанмен және ОА елдері арасында ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық жобаларын әзірлеп, іске асыруға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

ҚР СІМ басшысы М.Тілеубердімен кездесу барысында Елші П. Буриан саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалармен танысты. Covid-19 пандемиясына байланысты елдің жағдайы талқыланды. Арнайы өкіл қазақстандық вакцина және "вакциналық" паспорттарды беру бойынша жұмысы туралы оңтайлы пікірін білдірді.

Елші Бурианның Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Е.Қазыханмен кездесуін атап өтсек, онда тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ климаттық өзгерістер мен ЖЭК даму әлеуетін талқылады.

Сонымен қатар, еліміздің парламентарийлері, атап айтқанда Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Құл-Мұхамедпен, Сенат депутаты Д. Нұржігітпен, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Құспанмен, Мәжіліс депутаттары Е. Абаканов және Ю.Кучинскаямен кездесулер өткізілді. Тараптар парламент аралық өзара қарым-қатынастарын жақсарту мәселелерін, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі салаларындағы заң шығару және құқықтық реформаларын талқылады.

Қазақстан Ресупубликасындағы халықаралық ұйымдармен өткен, атап айтқанда БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі М.Фриберг-Сторимен, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Орталық Азия бойынша Жоғарғы Комиссары басқармасының басшысы Х.Ф. Шоддермен, ЕҚДБ-нің Қазақстандағы директоры А.Прейманиспен, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Бағдарламалар офисінің басшысы В. Фробартпен  сұхбаттар маңызды орын алғанын атап өтеміз.

Дипломатиялық қоғамдастық мүшелерімен, шет ел елшіліктерімен, ЕО-ға мүше елдердің шет елдердегі мекемелерімен кездесулер өткізілді.

Елші Буриан Омбудсмен, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Өкілетті  Э.Әзімовамен де кездесті. Кездесу барысында адам құқықтарын сақтау және заң үстемдігін іске асыру саласындағы реформалар, атап айтқанда Омбудсмен қызметі туралы жаңа заңға байланысты мәселелер талқыланды.

Қазақстанның жоғары мемлекеттік және заң шығарушы органдарының деңгейлі өкілдерімен аталған сұхбаттарымен қатар, экономика және бизнес мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог платформасының 7-ші отырысы аясындағы келіссөздері маңызды болды. ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен ЕО Іскерлік платформасының іс-шарасына Арнайы өкілмен бірге ЕО-тың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон бастаған бизнес өкілдері мен ЕО дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты. Жоғары деңгейдегі Іскерлік платформа ЕО пен ҚР арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі техникалық сұхбатты толықтыратындығын атап өту маңызды.

Сапар аясында, сондай-ақ, елдегі атақты медиа құрылымдардың басшыларымен, атап айтқанда «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Е.Бекхожинмен, «ҚазАқпарат» Халықаралық Ақпараттық Агенттігінің Бас директоры А.Омаровпен, Atameken Business медиа-холдингінің Бас директоры Қ.Сахариямен брифинг өткізу маңызды іс-шара болды. Бұл дөңгелек үстелге сонымен қатар «Азаттық» радиосы және «Astana Times» сияқты медиа мекемелердің өкілдері қатысты. Журналистер аймақтық қауіпсіздікке, Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы визасыз режимге қатысты сұрақтар қойып, тараптардың вакцинацияланған резиденттерінің елдерге саяхаттай алу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Еуропалық Парламентінің жақындағы қарары мәселесі көтеріліп, инновациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық, экономикалық даму, инвестицияларды тарту, климаттың өзгеруі мен энергияны трансформациялау тәжірибесімен алмасу сияқты өзекті тақырыптар жан-жақты қарастырылды.

Сапардың маңызды бөлігі Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюро, «АР.РУХ.ХАК.» ҚҚ, «Халықаралық құқықтық бастама» ҚҚ, «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы», «Еркіндік Қанаты» ҚҚ, «Қазақстанның діни ұйымдарының қауымдастығы», «Қадір-Қасиет» ҚҚ сияқты қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізу болды. Кездесулер барысында қатысушылар құқықтық реформаларды жүзеге асырудың мәселелері мен проблемаларын, азаматтық қоғамды талқылап, соның ішінде ЕО қаржыландыратын жобаларды іске асыру нәтижелерімен және тәжірибелерімен бөлісті.

П.Буриан Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен «ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясы: мүмкіндіктері мен болашағы» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Бұл іс-шараға қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Елші Буриан Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін одан әрі ашудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтіп, қазақстандық жоғары оқу орындарын еуропалық зерттеу бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды.

Қосымша ақпарат алу үшін ЕО Қазақстандағы Өкілдігінің Коммуникациялар бойынша басқарушысы Эльнура Абаканова ханымға хабарласыңыз,  e-mail: elnura.abakanova@eeas.europa.eu.