Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесі Орталық Азиядағы адам құқығы, демократия және заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі реформаларға үнемі қолдау көрсететіндіктерін тағы бір мәрте растады

Страсбург, 4 июня 2021 , 04/06/2021 - 14:14, UNIQUE ID: 210604_16
Press releases

Страсбург, 2021 жылғы 4 маусым - Еуропалық Одақ (ЕО) және Еуропа Кеңесі (ЕК) адам құқығын қорғау, экономикалық қылмысқа қарсы күрес және мемлекеттік органдардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету салаларындағы реформалар үдерісін қолдауда Орталық Азия мемлекеттерінің аса маңызды серіктестері болып қалады. Бұл туралы бүгінгі онлайн форматта өткен 2020-2023 жылдарға арналған «Орталық Азиядағы заң үстемдігі» атты ЕО/ЕК ортақ бағдарламасының бірінші аймақтық Басқару комитетінің отырысы кезінде айтылды.

Страсбург, 2021 жылғы 4 маусым - Еуропалық Одақ (ЕО) және Еуропа Кеңесі (ЕК) адам құқығын қорғау, экономикалық қылмысқа қарсы күрес және мемлекеттік органдардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету салаларындағы реформалар үдерісін қолдауда Орталық Азия мемлекеттерінің аса маңызды серіктестері болып қалады. Бұл туралы бүгінгі онлайн форматта өткен 2020-2023 жылдарға арналған «Орталық Азиядағы заң үстемдігі» атты ЕО/ЕК ортақ бағдарламасының бірінші аймақтық Басқару комитетінің отырысы кезінде айтылды.

Қатысушылар Бағдарламаның соңғы 17 ай ішінде қол жеткізген жетістіктерін қорытындылады. Аталған уақыт аралығында ЕО пен ЕК Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда реформа күн тәртібін ілгерілетуге көмектесті. Қатысушылар, сонымен қатар, Бағдарламаның іске асырылуына айтарлықтай әсер еткен COVID-19 індеті жағдайында Бағдарламаның қиындықтарды жеңу ісіндегі икемділігін құптады.  

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Елшіcі Свен-Олов Карлссон және Еуропа Кеңесі Бағдарламалар жөніндегі Бас директораты кеңсесінің директоры Верена Тейлор өткен жылдың қиындықтарына қарамастан бенефициар институттар және мүдделі тараптармен орнатылған тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалады. Еуропа мен Орталық Азия арасында ортақ құқықтық кеңістікті құру, заң мамандарының адам құқықтарына қатысты халықаралық стандарттар туралы білімдерін жетілдіру, адам құқықтарын қорғауды күшейту, неғұрлым ашық экономикалық орта құруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу жолында бірлесе жұмыс жасаудың нақты келісімі бар. Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің өкілдері еуропалық және халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздік, бейбітшілік пен жемісті дамудың маңызды элементтері болып табылатын әділеттілік пен негізгі құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азиядағы әріптестеріне қолдау көрсетуді жалғастыратындарын тағы да айтты.

Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрліктері, Әділет министрліктері, Бас прокуратуралары, Жоғарғы соттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктері, Конституциялық Кеңестері, Омбудсмен кеңселерінің және басқа мекемелердің жоғары деңгейлі қызметкерлері заңдарды қайта қарау кезінде, сондай-ақ, Орталық Азия елдеріндегі институционалдық әлеуетті ұлғайту және реформа үдерісіне Еуропа Кеңесінің сарапшылары ұсынған техникалық қолдау мен  көрсеткен көмектің сапасын атап өтті.

Толығырақ ақпарат алу үшін келесі мекен-жай бойынша хабарласуыңызды сұраймыз:  

Татьяна Баева, Еуропалық Кеңесі Байланыс директоратының Баспасөз хатшысы/БАҚ қызметкері, Tatiana.BAEVA@coe.int.

Мария Полежаева, Орталық Азиядағы Заң үстемдігі бағдарламасының Коммуникациялық қолдау жөніндегі көмекші, Mariia.POLEZHAEVA@coe.int

Эльнура Абаканова, ЕО Қазақстандағы Өкілдігінің Коммуникациялар бойынша басқарушысы, e-mail: elnura.abakanova@eeas.europa.eu

Анықтамалық ақпарат:

2020-2023 жж. арналған «Орталық Азиядағы заң үстемдігі» бағдарламасы - бұл Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің Орталық Азия бес елінің (Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) билік органдарымен ынтымақтастықта жүргізген бірлескен бастамасы. Бағдарлама төрт жыл ішінде жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты - адам құқықтары, заң үстемдігі мен демократияны еуропалық және басқа халықаралық стандарттарға сәйкес нығайту арқылы азаматтардың өмірін жақсарту. Жалпы бюджеті 8 889 000 еуроны құрайтын (90% Еуропалық Одақ, 10% Еуропалық Кеңес қаржыландырады) Бағдарлама үш салада жүзеге асырылады:

Еуропа мен Орталық Азия арасында біртұтас құқықтық кеңістікті құруға жәрдемдесу және адам құқықтарын қорғауды күшейту саласында Бағдарлама Еуропа Кеңесінің конвенциялары туралы хабардар ету және заңгер мамандардың адам құқықтарын қорғаудың еуропалық стандарттары бойынша білімдерін кеңейту үшін тренингтер өткізу мақсатында мемлекеттік институттармен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты нығайтады. Алғашқы тренингті өткізуде аймақтық тәсіл қолданып, оған Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан заңгерлері қатысты.

Ашықтықты және экономикалық қылмысқа қарсы іс-әрекетті ілгерілету саласында Бағдарлама ұлттық органдарға сыбайлас жемқорлық, ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландырудың алдын алу, сондай-ақ іскерлік адалдықты арттыру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша техникалық көмек көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық стандарттар бойынша вебинарлар Қырғыз Республикасында және Өзбекстанда өткізілді, ал сарапшылар осы елдердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық заңнамалық базасына талдау жүргізуде. Түрікменстанмен және Қазақстанмен тұрақты ынтымақтастық бірқатар кездесулер арқылы қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік институттар мен мемлекеттік басқарудың тиімді жұмысына жәрдемдесу саласында Венеция комиссиясы Бағдарлама атынан серіктес елдерге заң үстемдігі мен мемлекеттік басқару саласындағы жаңа заңнаманы әзірлеуге қолдау көрсетеді. Қарқынды жұмыс шеңберінде Венеция комиссиясының екі қорытындысы Қазақстан мен Қырғыз Республикасының өтініштері бойынша қабылданды, сондай-ақ Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан биліктерімен ынтымақтастықтың болашақ қажеттіліктерін талқылау үшін бірнеше үйлестіру кездесулері өтті.

Орталық Азиядағы заң үстемдігі бағдарламасы туралы қосымша ақпарат

Еуропа Кеңесі - адам құқығын қорғау бойынша континенттің жетекші ұйымы. Оның құрамына Еуропалық Одақтың барлық мүшелерін қосқанда 47 мемлекет кіреді. Еуропа Кеңесіне мүше барлық елдер адам құқықтары, демократия және заң үстемдігін қорғауға арналған Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияға қол қойды. Еуропалық Адам құқығы соты мүше мемлекеттерде Конвенцияның орындалуын қадағалайды.

Еуропалық Одаққа мүше елдер өздерінің білім-біліктерін, ресурстары мен тағдырларын байланыстыруға шешім қабылдады. Олар бірге мәдени әртүрлілікті, төзімділік пен жеке бостандықтарды сақтай отырып, тұрақтылық, демократия және орнықты даму аймағын құрды. Еуропалық Одақ өзінің шекарасынан тыс елдер және халықпен өзінің жетістіктері мен құндылықтарын бөлісуге дайын.

Editorial Sections: