Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

Еуропалық Одақ - Қазақстан ынтымақтастық кеңесінің отырысы, 2021 жылғы 10 мамыр

11/05/2021 - 12:47
News stories

2021 жылы мамыр айының 10-шы жұлдызында Брюссель қаласында «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 18-ші отырысы өтті.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысқан Ынтымақтастық кеңесінің отырысы сындарлы бағытта өтті. Ынтымақтастық кеңесінің отырысы барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға деген өзара міндеттерін растады. Еуропалық Одақ эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде Президент Тоқаевтың Брюссель қаласына бірінші ресми сапарын асыға күтуде екендігін атап өтті.

Отырыс барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімін жүзеге асыру жолындағы қол жеткізген жетістіктерге шолу жасады. Аталған келісім 2020 жылдың 1 наурызында күшіне енген болатын. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық осындай қиын кезеңге қарамастан тұрақты дамып келеді. Мұндай тұрақты дамуға Ынтымақтастық комитеті, кіші комитеттер мен диалог, сонымен қатар бүгінгі Ынтымақтастық кеңесінің отырысы аясындағы үздіксіз өзара әрекеттестік септігін тигізуде.

Сауда саласын қарастыратын болсақ, 2020 жыл сияқты қиын кезеңнің өзінде ЕО Қазақстанның бірінші сауда серіктесі және бірінші шетел инвесторы ретінде өзінің орнын нығайта түссе, Қазақстан ЕО-тың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі болып қалды. 2020 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы жалпы сауда көлемі 18,6 млрд. евро құрады; ЕО импорты - 12,6 млрд. евро, ЕО экспорты - 5,9 млрд. евро. Бүгінгі таңда ЕО бүкіл қазақстандық экспорттың 41% қамтамасыз етіп, Қазақстанның бірінші сауда серіктесі саналады.

ЕО тарапы Қазақстан Үкіметі мен ЕО арасындағы экономикалық және іскерлік мәселелер жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог платформасының (Бизнес платформа) аясында қол жеткізген жетістіктерді құптады. Аталған Бизнес платформа 2019 жылы құрылып, отырыстарын Премьер-министр Маминнің төрелігімен өткізеді. Бұл платформа ЕО-тың Қазақстанның сыртқы саудасындағы маңызды рөлін мойындап, кең ауқымды мәселелерді талқылау арқылы Қазақстанға қосымша инвестиция тартуға септігін тигізеді.

Ынтымақтастық кеңесінің отырысы, сонымен қатар, саяси диалогты нығайтып, тиімді басқару, адам құқықтарын ынталандыру және қорғау, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттестік мәселелерін талқылап, қарастыруға мүмкіндік берді. ЕО Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативті хаттамасын ратификациялауын құптады.

Қазақстан мен ЕО тараптары Еуропалық Парламенттің ақпан айында қабылдаған Адам құқықтары жөніндегі резолюциясын және жақын арада Қазақстанда жария етілген қоғамды одан әрі демократизациялау бойынша саяси реформаның үшінші кезеңін талқылады. ЕО елеулі нәтижелерге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті, әсіресе, қорғаушылардың тәуелсіз болу жолындағы кедергілерді жеңу, сөз бостандығын, сондай-ақ жиналыстар мен ассоциациялар бостандығын қамтамасыз ету, оның ішінде кәсіподақтар, БАҚ тәуелсіздігі мен плюрализмі, өркендеген азаматтық қоғам. ЕО тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыруға шақырады. ЕО Қазақстанның үшінші «ЕО-Орталық Азия» азаматтық қоғам форумын жылдың соңында Алматы қаласында өткізу бойынша ұсынысын жоғары бағалайды.

Еуропалық тарап Қазақстанның «Жасыл күн тәртібін» құптады. ЕО Нұр-Сұлтан қаласында 3-ші маусымда өтуі тиіс «Қазақстан-ЕО» климаттық конференциясын асыға күтуде екендігін атап өтіп, климат жөнідегі 26-шы тараптар конференциясы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын білдірді, әсіресе, Президент Тоқаевтың 2060 жылға қарай климаттық бейтарап мемлекет боламыз деген мәлімдемесін ескеретін болсақ.

Ынтымақтастық кеңесі отырысының жұмысы барысында Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық саласындағы соңғы жаңалықтар талқыланды. ЕО Қазақстанға бүкіл аймақта, оның ішінде Ауғанстанда бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі белсенді рөлі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік, оның ішінде шекараны басқару, терроризмге қарсы күрес және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Ынтымақтастық кеңесінің отырысы Португалияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Аугусто Сантуш Силваның төрағалығымен өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-министр орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарды.

Ынтымақтастық кеңесі аясында Премьер-министр орынбасары - Сыртқы істер министрі Тілеуберді Еуропалық Одақтың Жоғарғы Өкілі Джозеп Борреллмен екіжақты кездесу өткізді, онда ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынастар, оның ішінде адам құқықтары, сондай-ақ аймақтық және халықаралық оқиғалар мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Министр Тілеуберді Еуропалық Одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Эамон Гилмурмен де кездесті.