Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

ЕО білім саласын қолдауда: 2019 жылы 30-дан астам қазақстандық студент Эразмус+ шәкіртақысын иеленді

28/08/2019 - 11:07
News

НҰР-СҰЛТАН – Бүгін жаңа оқу маусымының қарсаңында Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Еуропаға жақында аттанатын Эразмус Мундус бірлескен магистрлік бағдарламаның шәкіртақы иегерлерімен ақпараттық кездесу өткізді. Аталмыш шәкіртақы 2019 жылы бүкіл әлем бойынша 2273 магистрантқа тағайындалды. Жалпы Қазақстаннан 585 өтінім түсіп, олардың ішінен 39 студент іріктелді.

Студенттер бағдарламаға қатысушы Еуропаның кем дегенде екі түрлі жоғары оқу орнында білім алады. Биыл қазақстандық студенттер Бельгия, Чехия, Германия, Эстония, Ирландия, Греция, Испания, Франция, Мажарстан, Аустрия, Польша, Португалия мен Ұлыбританияда оқиды. Шәкіртақы иегерлері таңдаған факультеттері мен оқу салалалары алуан түрлі: бастауыш білім алу мен туризмнен бастап, еуропалық зерттеулер мен смарт телекоммуникациялық технологияларға дейін.

Іс-шара барысында студенттер ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза, ЕО-ға мүше мемлекеттердің елшіліктері мен Қазақстандағы Эразмус+ ұлттық кеңсесінің өкілдерімен кездесіп, алдағы оқу жоспары және әкімшілік мәселелерді талқылады. Эразмус+ бағдарламасының ұлттық кеңсесінің директоры Шайзада Тасболатова ханымның айтуынша, «Эразмус түлектерінің 77%-ы бағдарлама олардың кәсіби мансабына айтарлықтай оң әсерін тигізді деп растаса, ал шәкіртақы иегерлерінің 85%-ы оқу аяқталғаннан кейінгі алғашқы алты ай аралығында жұмысқа орналасқанын айтады».

ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон: «Тұрақтылық пен өркендеу - Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша қабылданған жаңа Стратегиясының өзекті тұғырнамасы. Бұл екі элемент ең алдымен адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, дарындарын толықтай ашу, қоғамның белсенді және саналы мүшелері болып қалыптасуына бағытталған. Тұрақты қоғамның негізі - сапалы білім. Мен Қазақстан жастары өздерінің біліктіліктері мен байланыстарын арттырып, қоғамдарымыздағы алуантүрлілікті көздеп және оны бағалауды үйрену секілді Эразмус бағдарламасының артықшылықтарын қолдана алатынына өте қуаныштымын. Бұл олардың болашақ кәсіби мансап жолындағы шешуші сәттердің біріне айналып, биік мақсаттар мен жетістіктерге жетуге негіз болатынына сенімдімін »,-деп атап өтті.

Еуропалық жоғары лауазымды тұлғалардың басым көпшілігі Эразмус бағдарламасын ашық түрде қолдап, оның тұлғалық және кәсіби дамудағы және еуропалық білім мен кәсіби дайындықты қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес келтірудегі оң рөлін атап көрсетеді.

Анықтамалық ақпарат
Эразмус Мундус бірлескен магистрлік дәрежелері (ЭМБМД) Эразмус+ бағдарламасының, яғни 2014 -2020 жж. іске асырылатын білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған Еуропалық Одақтың бағдарламасының бір бөлігі. ЭМБМД – жоғары сапалы беделді магистрлік бағдарламалар - халықаралық жоғары оқу орындарының консорциумымен кем дегенде үш елдің жоғарғы оқу орындарында ұсынылады. ЕО-Қазақстан ынтымақтастығы жылдары барысында Эразмус+ бағдарламасы қазақстандық студенттер мен қызметкерлерге Еуропада оқу үшін 2000 шәкіртақы және еуропалық студенттердің Қазақстанда оқуы үшін 800-ге жуық шәкіртақы бөлді.

Қосымша ақпарат бойынша Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова ханымға хабарласуыңызды өтінеміз: +7 7172 974567, elnara.bainazarova@eeas.europa.eu.