Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі жасөспірім қыздарға мотивациялық кездесу ұйымдастырды

19/11/2021 - 12:50
News stories

НҰР-СҰЛТАН - 16 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Aisholpan: Асыл тұлғалардан шабыт ал» жобасына қатысушылардың Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы дипломаттарымен кездесуі өтті. Белсенді өмірлік ұстанымы бар 11-16 жастағы сегіз қыз достық әңгімелесуге қатысты.

Қонақтар қатарында: Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас, Румынияның Қазақстандағы Елшісі Мадалина Лупу, Германияның Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсен, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» Өкілі Мария Доценко, Қазақстандағы Финляндия Елшісінің орынбасары Кайса Стэндиш, Қазақстандағы Венгрия елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Анико Гьенге, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі басшысының орынбасары Мачей Мадалински, сонымен қатар арнайы шақырылған қонақтар: лингвист, жазушы Төлеу Аймағанбетова, қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист Зира Наурызбаева, саяхатшы, жазушы, инфлюенсер Динара Болат.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің қолдауымен іске асырылған «Aisholpan: асыл тұлғалардан шабыт ал» мәдени - ағарту жобасы тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы өрімдей қыздарға шабыт бере алатын Еуропаның әртүрлі кезеңдегі танымал әйелдерінің, сондай-ақ Қазақстанда жетістікке жеткен тұлғалардың ментальді және кәсіби тәжірибесі мен білімін жеткізудің коммуникативтік алаңы болып табылады.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас өзінің алғы сөзінде армандаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті: «Біз сендерге әйелдердің қандай биіктерге жете алатынын, армандаудан, талпынудан және қалыптасудан қорықпау керек екендігін көрсету үшін Қазақстандағы түрлі елшіліктерде жұмыс істейтін әйел әріптестерімізді жинадық».

Aisholpan жобасы әлем бойынша 130-дан астам жасөспірім қыздың басын қосты. Олар бір ай бойы күн сайын онлайн форматта мессенджерлердегі жабық топтарда белсенді жұмыс істеп келеді. Аптасына бір рет оларға арнап инфлюенсерлердің, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Жобаны ұйымдастырушы әрі бастамашысы Махаббат Есен қыздарға танымдық тосынсый ретінде 28 танымал тұлға туралы кітап дайындалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Еуропалық Одаққа мүше елдердің және Қазақстан әйелдерінің алуан түрлілігін бейнелейтін бірыңғай композицияға біріктірілген әртүрлі әйел бейнелерінен тұратын арт-нысан жасалуда.  

Елші әйелдер де қалыс қалмай, жасөспірім қыздармен танысып, жылы лебіздерін жеткізді.
Венгрияның Қазақстандағы елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Анико Гьенге армандаудан қорықпауға кеңес берді. «40 жыл бұрын мүмкін емес болып көрінген нәрсе қазір шындыққа айналды. Сондықтан армандаудан қорықпаңдар. Оның үстіне, отбасы мен мансапты қатар алып жүруге бола ма деген сұрақ туындауы мүмкін? Мүмкін. Менің кіші қызым сендерден бірнеше жас қана үлкен, ал тұңғышым университетте оқиды. Біз бақытты отбасымыз», - деді Анико Гьенге.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» өкілі Мария Доценко жасөспірімдермен әңгімелесу барысында қателіктер мен жеңілістер биіктерге жетуге түрткі болуы мүмкін екенін атап өтті. «Қателіктер мен жеңіліс табу алға жылжудың және сабақ алудың маңызды екенін көрсетеді. Ең бастысы - оларды қайталамау, қорықпау және көп үйрену», - деді ол.

Кездесу соңында қыздар елшілерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, сондай-ақ ЕО кеңсесіндегі танымдық экскурсия барысында ұйымның қызметімен және тарихымен танысты.

Айта кетейік, «Aisholpan: асыл тұлғалардан шабыт ал» жобасы 11 қазан - Халықаралық қыздар күніне орайластырылды және БҰҰ жүйесінің «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» жаһандық науқаны аясында аяқталады.

Жобаның Инстаграмдағы парақшасы: @aisholpan_project