Delegation of the European Union to Kazakhstan

Ауыл және орман шаруашылығының тұрақты даму тақырыбындағы Қазақстан - ЕО Жоғары деңгейдегі диалог платформасының 8-ші отырысы

22/10/2021 - 13:01
Ахбор

НҰР-СҰЛТАН – Қазан айының 22-ші жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-Министр Асқар Маминнің төралығымен Қазақстан-ЕО Жоғары деңгейдегі экономикалық және іскерлік мәселелер жөніндегі диалог платформасының 8-ші отырысы өтті. Аталған отырыс іскерлік қауымдастықтың өкілдері мен ЕО Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас мырза бастаған ЕО мүше мемлекеттері елшілерінің басын қосты.

ЕО ауыл және орман шаруашылығы салаларындағы тығыз ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанынан қолдай отырып, ЕО-ның «Жасыл бағдар» стратегиясының негізгі бөлігі болып табылатын азық-түлік қауіпсіздігін жетілдірудегі Қазақстанның рөлін құптайды. Біз сауданы жеңілдету және агробизнес саласына инвестициялау арқылы шағын ауылшаруашылық өндірушілерінің жеткізу тізбегіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін көріп отырмыз.

Дүние жүзіндегі ауылшаруашылық өнімдерінің ірі импорттаушысы және экспорттаушысы ретінде ЕО экологиялық таза және тұрақты сауданы құрудың қажеттілігіне сенімді. Біздің жуырдағы «фермадан үстелге» атты стратегиямыз мал және аквадақылдар үшін пестицидтерді, тыңайтқыштарды, антибиотиктерді пайдалануды айтарлықтай азайтуға, органикалық өндірісті ұлғайтуға, жануарлардың әл-ауқаты стандарттарын көтеруге және биоәртүрлілікті қалпына келтіру үшін ЕО ауылшаруашылық алқаптарының 10% өндірістен шығаруға бағытталған. Біз сауда серіктестерімізбен толық кеңесе отырып, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және стандарттарды көтеру үшін жұмыс істейтін боламыз.

Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) Қазақстанмен ауыл және орман шаруашылығы салаларында тығыз ынтымақтастық орнатудың берік негізі болып табылады, сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мамыр айында өткен ЕО-Қазақстан Ынтымақтастық кеңесінің отырысында Премьер-Министр Маминнің төрағалығымен өткен Іскерлік платформа аясында қол жеткен табыстар атап өтілді. Платформаның жұмысы ЕО-ның Қазақстанның сыртқы саудасындағы маңыздылығының көрсеткіші болып табылады және бірқатар мәселелер бойынша талқылаулар Қазақстанға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.

Жоғары деңгейдегі диалог платформасы КӘЫК шеңберіндегі ЕО-Қазақстан техникалық диалогының жұмысын, атап айтқанда, 2021 жылдың қазан айында өтетін Сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің жұмысын толықтырады.

Анықтамалық ақпарат

2020 жылдың 1 наурызынан бастап толық күшіне енген ЕО мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) қызметтерді сату, компанияларды құру және олардың қызметі, капитал қозғалысы, шикізат, энергетика, зияткерлік меншік құқығы және басқа да салаларда бизнес үшін қолайлы нормативтік ортаны құруға бағытталған. Бұл «ДСҰ плюс» шарттары, атап айтқанда мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан мен ЕО-тың нормативтік-заңдық жүйесін жақындастырудың құралы.

2020 жыл сияқты қиын кезеңнің өзінде ЕО Қазақстанның бірінші сауда серіктесі және бірінші шетелдік инвестор ретіндегі позициясын нығайтып, Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі болып қалды. Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы жалпы сауда-саттық 2020 жылы 18,6 миллиард еуроға жетті, ЕО-ның импорты 12,6 миллиард еуроға, ал экспорты 5,9 миллиард еуроға жетті. ЕО жалпы қазақстандық экспорттың 41% құрап, Қазақстанның бірінші сауда серіктесі болып табылады.

Қосымша ақпарат бойынша: Эльнура Абаканова, Еуропалық Одақ Өкілдігінің Коммуникация бойынша басқарушысы, elnura.abakanova@eeas.europa.eu

Муаллиф