Delegation of the European Union to Armenia

ЕО-Қазақстан бизнес жөніндегі жоғарғы деңгейлі диалог платформасының екінші отырысы инвестициялық климат мәселесін талқылады

01/10/2019 - 09:51
News stories

НҰР-СҰЛТАН – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин мырзаның төралығымен ЕО мен Қазақстан арасындағы экономика және бизнес жөніндегі жоғарғы деңгейлі диалог платформасының екінші отырысы өтті. Басқосуда Қазақстандағы ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон бастаған Еуропаның алдыңғы қатарлы компаниялары мен ЕО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.

ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон өзінің құттықтау сөзінде биылғы жазда іске қосылған жоғарғы деңгейлі платформаның Еуропалық Одақ, еуропалық бизнес және Қазақстан Үкіметі арасындағы ой-пікірлерді тұрақты алмасуға тигізетін оң және нақты әсерін атап өтті. Сонымен қатар Елші сауда, заң үстемдігі, шағын және орта бизнесті қолдау салаларындағы ЕО қаржыландыратын ағымдағы және болашақ жобалар туралы хабардар етті.  

Тараптар инвестициялық климат және бизнес орта салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, соның ішінде қоршаған ортаны қорғау, валюталық реттеу мен бақылау және ауыл шаруашылығы техникасын импорттау салаларындағы жақындағы және алдыңғы уақытта қабылданатын заңнамалар қарастырылды.

Жоғарғы деңгейлі платформаның бірінші отырысы 2019 ж. 1 шілде жұлдызында өткізіліп, саудадағы техникалық кедергілерді азайту, агро азық-түлік секторындағы ынтымақтастық мәселелерін  талқылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар салық заңнамасы, атап айтқанда, салық бойынша құқық бұзушылықтардың қылмыс деп танымау мәселесі қарастырылды.

ЕО – Қазақстанның жетекші сауда әріптесі, оның үлесі Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың жартысынан астамын құрайды. Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) ЕО мен Қазақстан арасындағы сауда және экономикалық қарым-қатынастардың әрі қарай нығаюдың негізін қалады. Сондай-ақ, ЕО Қазақстандағы қарқынды реформалар мен жаңғырту үрдісін, соның ішінде бизнес климатты жақсартуға бағытталған іс-қимылдарды қолдайды.  

Жоғары деңгейлі платформа ЕО мен Қазақстан арасындағы КӘЫК шеңберіндегі техникалық диалогты, оның ішінде 30 қыркүйек Нұр-Сұлтан қ. өткізілген Сауда өлшемі бойынша ынтымақтастық комитетінінің және 1 қазанда өткізілген Кедендік ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің жұмысын толықтырады.

Анықтамалық ақпарат
ЕО - Қазақстанның жетекші сауда әріптесі, оның үлесіне Қазақстан саудасының үштен бір бөлігі келеді. Қазақстан мұнай өнімдерінің 75% ЕО елдеріне (ЕО-ның жалпы импортының 6 %) экспортқа жібереді, және  Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (МЭЕҰ) мүше емес мемлекеттердің қатарынан ЕО-ның үшінші ірі жеткізушісі болып табылады. Қазақстанның ЕО-ға экспорты түгелге жуық мұнайгаз секторының өнімдері, пайдалы қазбалар, химия өнеркәсібінің өнімдері мен азық-түлік тауарларынан тұрады. Нұр-Сұлтан қаласында 2015 жылы 21 желтоқсанда қол қойылған және 2016 жылдың 1 мамырынан бастап уақытша күшіне енген КӘЫК бизнес үшін қызметтерді сату, компаниялардың құрылуы мен қызметіне ықпалдасу, капитал қозғалысы, шикізат және энергетика ресурстары, зияткерлік меншік құқықтары және тағы басқа салаларда жетілдірілген реттеуші ортаны құруға бағытталған. Бұл Қазақстан мен ЕО арасындағы реттеуші конвергенцияның құралы, ол әсіресе мемлекеттік сатып алу саласында "ДСҰ плюс" тәртібінің  бірқатар ережелерін есепке алады.

Қосымша ақпарат бойынша Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова ханымға хабарласуыңызды өтінеміз: +7 7172 974567, elnara.bainazarova@eeas.europa.eu.